Әлем

Оңтүстік Кореялық дзюдошы Ан Чангрим спорт мансабын аяқтады

Ол 73 келіге дейінгі салмақта күресті

Оңтүстік Кореялық Ан Чангрим спортшы ретінде карьерасын аяқтағанын ресми мәлімдеді. 27 жастағы дзюдошы «Спортта қаламын, Олимпиаданың болашақ жүлдегерлерін дайындағым келеді, барлық ұсынысқа ашықпын» деп жазыпты өзінің инстаграмдағы парақшасына.

Ан Чангрим 1994 жылы 2 наурыз күні Жапонияның Киото аймағында дүниеге келген. 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Халықаралық дзюдо федерациясының әлемдік рейтингінде 3-орында тұр. Ол 2018 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында финалда жапониялық Соичи Хашимотоны жеңіп, әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ, әлем чемпионатының екі дүркін (2015, 2017) қола жүлдегері. Төрт дүркін Азия чемпионы және құрлықтық біріншіліктің күміс жүлдесіне ие болған. 2018 жылы Азия ойындарының финалында жапониялық басты қарсыласы Оно Шохейден жеңіліп, Азия ойындарының күміс жүлдесіне қол жеткізді. Өзінің спорт мансабында Олимпиада ойындарына екі рет қатысты. 2016 жылы Рио Олимпиадасының ширек финалдық жолдамасын сарапқа саларда бельгиялық Дирк Ван Тихелттен ұтылып, алғашқы Олимпиадасын үшінші айналымнан сәтсіз аяқтады. Араға бес жыл салып, 2021 жылы Токио Олимпиадасында жүлдегерлер қатарынан көрінді. 73 келіде бақ сынаған ол Олимпиаданың жартылай финалында грузиялық Лаша Шавдатуашвилиден жеңіліп, жұбаныш белдесуінде күресуде мүмкіндік алды. Токио Олимпиадасының қола жүлдесін әзірбайжандық Рустам Оруджевпен сарапқа салып, нәтижесінде қола жүлдеге ие болды.

73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлем үздіктерінің бірі атанған Ан Чангрим кәсіби спортта барлығы 12 алтын, 7 күміс және 9 қола медаль жеңіп алған. Олардың ішінде Гран При әлемдік кезеңінің, Мастерс және Grand Slam сынды әлемдік додалардың жүлделері бар.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Ан Чангрим Жапонияның тумасы. Жапония чемпионатында жеңімпаз, студент кезінде Универсиада жеңімпазы атанған. Түбі – Корея, соған байланысты Жапония азаматтығы болмағандықтан әлемдік жарыстарға Жапония атынан шыға алмаған. 2014 жылдан бастап Оңтүстік Кореяның атынан күресе бастаған.

Back to top button