ИппонТаңдаулы

Дзюдо. «Кішкентай гүлдің» үлкен жолы

Жақында қос дзюдошы Елдос Жұмақанов пен Отгонсетсег Галбадрах белсенді спорттан қол үзетінін мәлімдеді. Спортшылар ұзақ жыл ұлттық құрама намысын қорғады, ірі табыстарға жетті. Енді жастарға орын беріп, тілеулес болатын шақ та жеткен сияқты. 

Отгонсетсег Галбадрах Қазақстан азаматтығын 2015 жылдың қаңтар айында қабылдады. Оған дейін де көрші елдерден көк туымыздың астына келіп, Қазақстан атынан сынға түскен атақты спортшылар аз емес еді. Футболдағы сансыз ауыс-түйісті былай қойғанда, күрес түрлерінде Ю.Мельниченкодан бастап, М.Куруглиев, Г.Цурцумия, Г.Лалиев, М.Муталимов, М.Манукян, Т.Тигиев, А.Спиридонов, Д.Гаджиев, ауыр атлетикада Т.Хромова, С.Подобедова,  А.Важенина, З.Чиншанло, М.Манеза, биатлонда Е.Хрусталева, триатлонда Д.Сапунов, т.б. спортшылар Қазақстанға аз абырой әкелген жоқ.

Тәуекелшіл Гүлбану

Бірақ бәрібір Отгонсетсегтің орны бөлек еді. Ол, біріншіден, Моңғолиядан Қазақстанға ауысқан алғашқы спортшы болды. Екіншіден, бұл кезде (тіпті әлі де солай) қазақ дзюдошы қыздарының ешқайсысы айтулы сындарда үлкен олжа салып көрмеген-ді. Сондықтан спортты білетін, статистикасына қызығатын жандардың өзі Галбадрахты әу баста аса ықыласпен қабылдай қойған жоқ. Шынын айтқанда, Отгонсетсег қазақ дзюдосының жаңа жылнамасын жазатынына сенім аса үлкен болмады.

Аз уақытта жалпы жұрт мына екі нәрсеге қанықты: біріншіден, Галбадрах өзі туып-өскен Моңғолияда ұзақ жыл Уранцецег Мөнхбаттың тасасында жүріпті. Шынын айтқанда, сол кездері Уранцецегтің тасасынан шығу кім-кімге де оңай емес еді. Уранцецег 2009 жылы, 19 жасында Азия чемпионатында үздік үштікке ілінді. 2010 жылы самбодан әлем чемпионы атанды. Лондон олимпиадасында 48 келі салмақ дәрежесінде жетінші орында қалғанмен, араға бір жыл салып, 2013 жылы әлем чемпионатын, 2014 жылы Азия ойындарын жеңіп алды. Осындай мықты спортшыны рейтингте артқа тастау да қиын, оның үстіне, тіпті қатар ұпай жинағанның өзінде, ұлттық құрама бапкерлері Мөнхбатқа сенім артатыны белгілі еді. Сондықтан Отгонсетсег Қазақстан жаққа мойын бұрды.

Дегенмен Моңғолия тарапы Галбадрахқа мүлде мүмкіндік бермеді деуден аулақпыз. Ол Әлем кубогы, «Үлкен дулыға», Гран-при сияқты беделді сындарда татамиге шығып, бірнеше рет жүлдегерлер қатарына ілінді. Тіпті 2013 және 2014 жылғы әлем чемпионаттарына Мөнхбат екеуі бірге қатысты. 2013 жылы Отгонцецег ширек финалда ресейлік Анастасия Кузнецоваға есе жіберсе, келесі жылы алғашқы қарсыласын (ресейлік Ирина Долгованы) қапы қалдырды, бірақ тағы да ширек финалда сүрінді (кубалық Даярис Местреге жол берді).

Екіншіден, қанша талантты болса да, Галбадрахтың Қазақстан атынан сынға түсуіне… Моңғолия кедергі болуы мүмкін еді. Естеріңізде болса, ауыр атлет С.Подобедова 2008 жылы Қазақстан азаматтығын қабылдағанда, Ресей тарапы біраз қиястанып, Бейжің олимпиадасы қарсаңында тіпті Светлананың олимпиадада сынға түсуіне рұқсат та бермей қойды. Сондай жағдай қайталанбас үшін Қазақстан Моңғолиямен ортақ меморандум аясында, Рио олимпиадасына небары бір жарым жыл қалғанда Галбадрахты шақырды.

Бірақ тағы бір мәселе көлденеңдеді. Басқа мемлекет атынан сынға түсуіне байланысты Халықаралық дзюдо федерациясы 2015 жылдың басында Галбадрахтың рейтингтегі барлық ұпайын шегеріп тастады. Яғни олимпиада рейтингі үшін қайта ұпай жинауға тура келді. Ал Рио есігін қағу үшін Отгонсетсег бір жылдан сәл астам уақытта он турнирде үздік үштікке енуге тиіс болды. Бұған қайсар қыз мойыған жоқ. Жеке бапкері Дашжамц Енхбаатармен бірге жан аямай жаттығуға кірісті.

2015 жылы Галбадрах бірден Қазақстан чемпионы атанды. Ол Шымкентке қоныс аударғанда, 48 келі салмақ дәрежесінде Қазақстанның бірінші нөмірлі дзюдошысы ос оңтүстіктің тумасы Анастасия Подрядова еді. Қазақстан спартакиадасы аясында өткен ел біріншілігінің финалында Галбадрах шығысқазақстандық Меруерт Иманғалиеваны тізе бүктірді. Сөйтіп, Қазақстан құрамасына енді. Сол жылы әлемдік Гран-при турнирлерінің екеуінен  (Ташкенттен және Циндаудан) – қола жүлде, Чеджудегі (Оңтүстік Корея) сыннан алтын жүлде тағынды.

2015 жылдың тамыз айында Астанада өткен әлем чемпионатына Қазақстан құрамасының бас бапкері Жексенбай Саламатов А.Подрядованы да, О.Галбадрахты да қосты. Подрядова алғашқы қарсыласын жолда қалдырғанмен, үшінші айналымда сүрінді. Ал Галбадрах болашақ қола жүлдегер Жоң Бодан (Оңтүстік Корея) жеңілді.

Әрине, біраз уақыт үлкен сындарда өнер көрсетпеген спортшы бірден бәрін баудай түсіреді деп күту қиын еді. Ташкент, Циндау, Чеджу табыстары жаңа отандасымызды қанаттандыра түсті. 2016 жылдың ақпанында Парижде өткен «Үлкен дулыға» турнирінің финалында Отгонцецег ежелгі қарсыласы Уранцецегті жеңіп, тамаша есе қайырды. 2016 жылдың басында Баку Гран-приінің үздік үштігіне енсе, араға екі апта салып Алматы Гран-приінде топ жарды. Бәрін нөлден бастаған спортшы әлемдік рейтингте 16 орынға көтеріліп, Рио олимпиадасына жолдама алды.

Қазақ жанкүйерлері осы кезде Отгонсетсегті жақын қабылдап, өз қаһарманы сезіне бастады. Тіпті Гүлбану деп ат қойды да. Бұл Галбадрахтың өз атынан алыс емес еді. Моңғол тілінен аударғанда, оның аты «кішкентай гүл» деген мағына беретін.

Басты қарсыласынан бұрын

Рио олимпиадасында Отгонцецег арманына қол жеткізді. Бір жыл бұрын ғана Рио татамиіне шығу-шықпауы мәселе болып тұрған балуан олимпиаданың қола тұғырынан қол бұлғады. Ең бастысы, Рио додасының алғашқы күнінде Галбадрах пен Елдос Сметов Қазақстан қоржынына бірден қос жүлде (қола мен күміс) салып, ақжолтай бола білді. Қазақстан құрамасы бұрынғы биігінен еш төмендемей, Оңтүстік Америкадан олжалы қайтты.

Рио төрінде Галбадрах екінші айналымнан сынға қосылды. Бұл кезеңде оған Гвинея-Бисау дзюдошысы Тасиана Лима тап келді. Аты көпке мәлім емес қарсыласын Отгонсетсег айып ұпайымен ғана жеңе алды. Бірақ ширек финалда жапон қызы Ами Кондодан айла асыра алмады. Дегенмен жұбаныш белдесуінде отандасымыз бар мүмкіндігін толық пайдаланды: алдымен венгриялық Ева Черновицкиден басым түссе, қола жүлде үшін белдесуде баяғы Даярис Мейстрені таза жеңді.

Сөйтіп, О.Галбадрах олимпиада тұғырына дейін ең шұғыл жол жүріп өтті. Бір қызығы, ол бұл атаққа бұрынғы отандасы У.Мөнхбаттан бұрын қол жеткізді. Мөнхбат бес жылдан кейін, Токио олимпиадасында ғана қола жүлдегер атанды.

Дегенмен Отгонцецегтің арманы толық орындалды деуге келмес еді. Ол Қазақстанға келгенде берген алғашқы сұқбатында олимпиада алтынын мұрат ететінін айтқан-ды. Бірақ бәрібір Галбадрахтың есімі бізге алғаш олимпиада жүлдегері атанған қазақстандық дзюдошы қыз ретінде бәрібір ыстық.

Бұдан кейін Галбадрах Азия ойындарында, Универсиадада, әлем чемпионаттарында (екі рет) жүлде иеленді. Токио олимпиадасында Отгонцецег бірінші белдесуде қытайлық Ли Яняньнан жеңіліп, жүлдеден тыс қалды.

Жалпы алғанда, О.Галбадрах Қазақстанға аз жүлде әкелген жоқ. Олимпиада мен әлем чемпионатынан бөлек, ол құрлық чемпионатында (Ташкент, 2016) топ жарды, «Үлкен дулыға» турнирлерін – екі рет, Гран-прилерді бес рет жеңіп алды.

Басты қарсыластарымен бәсеке

Әрине, Отгонсетсегтің бұрынғы отандасы У.Мөнхбатпен текетіресі күні бүгінге дейін жалғасты. Екі дзюдошы татамиде 11 рет жолығыпты. 2015 жылғы үш кездесуде Мөнхбаттың асығы алшысынан түссе, 2016 жылы Галбадрах үш рет жеңіске жетіп, есе қайырғандай еді. Бірақ содан кейінгі бес кездесудің төртеуінде Уранцецег бәрібір біздің отандасымызды қапы қалдырып отырды. Екі спортшының жолы олимпиада татамиінде түйіспесе де, 2018 жылдан бергі үш әлем чемпионатында жеребе жолықтырып отырды. Сол жылы Бакуде өткен әлемдік додада қос қарсылас қола жүлде үшін белдесті. Галбадрах Мөнхбатынды иппонмен таза ұтты. Алайда 2019 және 2021 жылдардағы әлем чемпионаттарының ширек финалында және 1/8 финалында Мөнхбаттың асығы алшысынан түсті. Екі мықтының есеп айырмашылығы – 4:7, Уранцецег алда.

Валентина Москатт (Италия) Галбадрахпен 8 рет кездесіп, екеуінде ғана жеңе алды. Ал оңтүстіккореялық Жоң Бо – отандасымыздың ыңғайсыз қарсыласының бірі. Ол Галбадрахпен 7 рет белдесті, оның үшеуінде түрлі турнирлердің финалында тоқайласты. Галбадрах оны екі рет қана тізе бүктірді.

Екі дүркін әлем чемпионы, Токио олимпиадасының қола жүлдегері Дарья Билодид (Украина) Отгонсетсегке 2018 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында ғана есе жіберді, содан бергі үш кездесуде (екі Гран-приде, бір әлем чемпионатында) үнемі жеңіп отырды.

Токио олимпиадасының чемпионы Дистриа Красничи (Косово) татамиде үш рет Галбадрахтың жолын кесті. Ал Токио додасының күміс жүлдегері Фуна Тонакимен (Жапония) таразы басы тең: Фунаки екі рет жеңіске жетсе (бір Гран-приде және Халықаралық дзюдо фдеерациясының турнирінде), Галбадрах екі рет Азия чемпионаттарында басымдық танытты.

Қорыта келгенде, О.Галбадрахтың Қазақстан туы астындағы жетістіктері көңіл тоғайтады. Оның әлем чемпионаттарындағы, олимпиададағы, Азия сындарындағы жетістіктері  Қазақстан дзюдо тарихының жаңа беттері болып жазылды.

Есей Жеңісұлы

Басқа материалдар

Back to top button